Kyzylorda-news.kz  7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Жас сарбаз» үйірмесі қаламыздағы № 5547 әскери бөлімімен бірлесе отырып, «Әскердегі бір күн» атты шара ұйымдастырды. 

Әскери іс-шараның басты мақсаты, жастардың бойында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, ішкі әскер қатарында әскери борыштарын өтеуге деген қызығушылықтарын ояту, болашақ әскерге шақырылатын жастардың әскер өмірімен танысуына мүмкіндік жасау арқылы жасөспірімдер бойында патриоттық сезімін арттыру және жастар арасында әскери қызметтің беделін көтеру. Отан қорғар әскер барда қорғанымыз мықты бола бермек. Бүгінде мемлекетіміздің арқа сүйер айбынды әскері бар және олардың қатарын көбейту, жастардың қызығушылығын арттыру қолға алынуы тиіс міндеттердің бірі. Осы іс-шара асында сарбаздың таңғы уақыттан бастап, кеш қарайғанша қандай жаттығулар мен нендей дайындықтар жасайтынын болашақ ел қорғайтын азаматтар көріп, Отанды қорғау өзінің міндеті екенін мейлінше оңай ұғындыру болмақ. 

Шараға колледжден 74 студент қатысты. Студенттер әскери бөлімде болып, сарбаз өмірінің тынысымен танысты. Әскери қызметшілер заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери машиналар мен байланыс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтып берді.

Бөлім командирлері патриоттық, ерлік, елдік тақырыбында дәрістер оқып, жастарды отансүйгіштікке шақырды. 

Айта кетейік, Қызылордада жүзге жуық студент «Әскердегі бір күн» атты жиынға қатысты. Олар сарбаздардың темірдей тәртіпке бағынған күнделікті тыныс-тіршілігімен етене танысып, әскери жаттығулар жасады. Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, әскери-патриоттық рух қалыптастыруды көздеген шара тағылымды кездесуге ұласты. Әскер сапын толықтыруға ниетті жастар кешқұрым алаулаған отты айнала отырып, аға буынның жауынгерлік әңгімесін тыңдады. Қарулы күштер ардагерлері, әкелер кеңесінің өкілдері, сала басшылары мен ұстаздар бас қосқан кеште салауатты өмір салтын ұстану, Отан алдындағы борышты өтеу тұрғысында тұшымды ой-пікірлер айтылды. Сарбаздар әскери әндер шырқап, сан қырлы өнер көрсетті.  Бұл республика көлменіде өткен ең алғаш әскери оқу-жаттығу жиын. 

 

Қорлан САРЫ
Фото: baq.kz

Тағы да оқыңыз: