Kyzylorda-news.kz Өскелең ұрпақ санасына қоршаған ортаға деген жанашырлықты дарыту қай заманда да, кезек күттірмейтін мәселе екені белгілі. Экологиялық білім беру және табиғатты қорғау бағытында теориялық, практикалық, зерттеушілік дағдылары бар экологиялық сауатты тұлғаны қалыптастыру мақсатында жақында «Өрімтал» бөбекжай балабақшасында «Жасыл әлем – балабақша» атты аудандық семинардың ашылуы өтті.

Оған Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, білім бөлімінің қызметкерлері мен балабақша меңгерушілері қатысты. Қазалының бас ұстазы семинардың ашылу салтанатында қоршаған ортаны қорғау түсінігін ерте жастан қалыптастырудың артықшылықтарын тоқталып өтті. Оның айтуынша, жоба аясында көрсетілген жұмыстар өмірде жиі қолданылып, өзектілігін жетілдіре түссек, бөбектердің танымдық-зияткерлік, коммуникативтік, шығармашылық әлеуметтік дағдылары қалыптасып, командамен жұмыс істеу, креативтілік, зерттеушілік қабілеттері дамиды.

Семинар барысында «Толағай» ұлттық-спорттық үйірмесі, «Туған өлке табиғаты» аясында Өлкетану стендісі, «Теңіз әлемінің құпиясы», «Мамандықтар қалашағы» ойын алаңы, «Декоративті гүлдер бағы», «Ісмер» қалдық заттар мұражайының жұмысы таныстырылды.

Бұдан бөлек, жиында «Ғарыш әлемі» ойын бөлмесінің лентасы қиылып, «Эколаб» зертханасынан шыққан жасыл өнімдер, «Шаңырақ» ұлттық-эстетикалық клубының тіршілігі көпшілікке көрсетілді. Келушілер әзірленген дүниелерді тамашалап, сапалы жұмысқа таңданыстарын білдіріп, оң баға берді.

Тағы да оқыңыз: