Kyzylorda-news.kz  Тіл – ұлттық құндылық. Халқымыздың құнды қазынасының бірі – қазақ тілі. Ата заңымыздың 7-бабында “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі” деп жазылған. Ал, орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Конституцияда “Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды”, – делінген.

– Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту зор мақсат. Ана тіліміздің жағдайы әрбір жанашыр азаматты толғандырары сөзсіз. Байқасаңыз, қазіргі кезде қазақ тіліне деген қызығушылық танытқан адамдардың саны жылдан-жылға артуда. Тіпті, олардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Бұл әрине, мемлекетіміздің әлемдік аренада абыройын арттыруға ерекше ықпал етеді.

Мемлекеттік тілімізді үйрену үшін түрлі жағдайлар жасалуда. Соның бір мысалы, қазақ тілін өз бетінше, үйренем деушілерге – Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істейді. Инстаграм әлеуметтік желісінде – QazaQGrammar атты аккаунттан білмейтін кейбір сөздер мен оның жазылуын қарауға болады. Сонымен қатар, отандық айти мамандары да, тіл саласына өз үлесін қосуда. Қазіргі кезде қазақ тілінде Aitube, Aitu, Aqyl Battle, EasyTapp сынды бағдарламалар шығарылды, – дейді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті журналистика факультетінің 2-курс студенті Тоғжан Шора.

Оның айтуынша, одан әрі тіліміздің мәртебесі мен қолданысы артуы үшін қолымыздан келгенше, жүйелі жұмыстар жасағанымыз дұрыс. Әсіресе, өзі сияқты жалынды жастар, барынша ана тілімізді жақсы көріп, дәріптеуіміз керек. Сондықтан алдымен, күнделікті өмірде, тіпті, әңгіме барысында тілдік нормаларды сақтағанымыз жөн. Осы бір қағидаларды ұстансақ, ойымыз жүйелі болары сөзсіз. Реті келіп жатса, әдебиетіміздегі ақын-жазушылардың сөздерін қолданайық. Бұл арқылы әңгімеміз естіген құлаққа да, жағымды болады деген пікірін жеткізеді.

«Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» демекші, өзге де, тілдерді сыйлап, құрметтей жүріп, қазақ тілін де ерекше құрметке лайық қылайық деген ұстанымымен бөлісті.

Фото: https://syrdidary.kz/?p=208

Тағы да оқыңыз: