Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бойынша ел үкіметі мен облыс әкімдіктеріне құрылыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырған болатын.  

Алты алашқа ана атанған Қызылорда облысында ел  президентінің бұл тапсырмасы уақытында қолға алынып, аймақта аталған бағдарлама аясында 21 мектеп салынады деп жоспарланған. Сол білім ошағының бірі Сырдария ауданынан бой көтермек. 

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланғаны айтылған. Қолда бар дерекке сенсек, биыл 6900 орындық 10 мектеп, 2025 жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылысы былтыр басталған барлық мектептерге жер телімдері беріліп, құжаттары рәсімделді.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында Сырдария ауданында 82 пәтердің кілті табыс етілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тереңөзек кентінде 1 мектеп салынады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстағы алғашқы жаңа амбулатория Нағи Ілиясов ауылында пайдалануға берілді. Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілуде.Сондай-ақ Тереңөзек кентіндегі аудандық спорт клубы күрделі жөндеуден өтті. Жақын күндері Бесарық ауылында спорт кешені пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, биыл «Сыр елі – жыр елі» атанған қасиетті өңірде «Руханият жылы» жарияланды. Бұл кезең айшықты жобалар мен жағымды жаңалыққа толы болмақ. Атаулы жылдың бастауындағы алғашқы сый – Қызылорда қаласының төрінде 1000 орындық, сәні мен салтанаты келіскен «Өнер орталығы» ашылды. Қызылордада 650 орындық музыкалық колледж ғимаратының құрылысы жүруде. Өңірдегі барлық мәдениет үйі жанында «Адал адам» орталықтары жұмыс жасауда. Балалар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа баулып, өнерін өрістететін «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынуда. Жалпы құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары барлық аудан орталықтарында салынып, келер жылы пайдалануға беріледі.

Еске салайық, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында Сырдария ауданының Қоғалыкөл, Шаған ауылдарында су құбырлары жаңартылды. Тереңөзек кенті және Аманкелді елді мекенінің су құбырларын жаңғырту жұмыстары басталады.Өткен жылы Қалжан ахун ауылы табиғи газға қосылып, халық «көгілдір отынның» игілігін көруде. Биыл С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов елді мекендеріне газ құбыры тартылуда. Жыл соңына дейін аталған ауылдар табиғи газға қосылып, келесі кезекте Шаған ауылы газдандырылады.

Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерін электрмен жабдықтау жұмыстары мерзімінде аяқталады деп күтілуде. Қазір Шаған, Қалжан ахун ауылдарының электр желілері жаңғыртылуда. Сонымен қатар Қызылорда қаласынан Аманкелді ауылына дейінгі 30 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Былтыр ауданда 32 жобаға қаржы бөлініп, облыстық, аудандық маңызы бар және ауылішілік 78 шақырым жол жөнделді. Биыл Сырдарияда 28 шақырым жол жөнделуде және жаңа шағын аудандарға инфрақұрылым жеткізілуде.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: