Kyzylorda-news.kz  «Әлемді ғылым құтқарады» атты ғылым айы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Студенттік ғылым-2024» ХХVІ дәстүрлі студенттік ғылыми конференциясы өтті. 

Конференцияда алғы сөз алған университетің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2022-2024, 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру, бағдарламалы-нысаналық қаржыландыру жобалары аясындағы ғылыми жобаның орындаушыларына алғыс білдіре отырып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Конференцияның пленарлық мәжілісіне “Білім Ыбырай” қоғамдық қорының директоры Нұрбек Серікбаев, аталған қор өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Студенттер бүгінгі күні өзекті тақырыптарда баяндамалар жасады. Конференцияда үздік баяндама жасағаны үшін Х-22-1 оқу тобының студенті Арслан Сағындық, ТПП-21-1 оқу тобының студенті Жанар Ағаділ, Фин-21-1 п/я оқу тобының студенті Давид Цой, ХТО 21-1 оқу тобының студенті Айым Бауыржанқызы I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар аталмыш байқаудың университетішілік I - кезеңінде жүлделі орын алған жастарға диплом және "Білім Ыбырай" қорының қаржылай сыйлығы табыс етілді.

Мұнан бөлек, студенттік үйірмелердің ғылыми шығармашылық жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кету керек, жас ғалымдарды қолдау жұмыстары жоғары оқу орындарында қарқынды жүзеге асуда. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге арналған ректор гранты конкурсы 3 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Былтыр үздік деп танылған 8 жобаның авторына 1 млн 250 мың теңгеден грант сертификаты табысталды. Жас ғалымдарға арналған ішкі грант 2021 жылы – 4, 2022 жылы 6 жас ғалымға берілді. Конкурсқа қатысушылардың саны жылдан жылға артып келе жатқан соң келесі жылдан бастап грант қаржысы 20 миллионға дейін көбеймек. Қызылордалық ғалымдар күріштің қауызынан биочар, целлюлоза алу технологиясын әзірлеп, Нова Лиссабон университетінің (Португалия) ғалымдарымен бірге Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін дәрі-дәрмек дайындауда. Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының жүруіне жас зерттеушілердің қосқан үлесі зор. Жас ғалымдарға бөлек грант тағайындау, жеңілдетілген шарттармен пәтер алуға мүмкіндік берілуі – ғылымға серпін ала келетін жастарды қолдау деген сөз. Демек, отандық ғылымның көкжиегі әлі де кеңейе түспек.

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: