Kyzylorda-news.kz  «KazChess» Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен  қаладағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандырылған сыныптары бар мектебінде шахмат сыныбы ашылды. 
 

Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – елімізде шахматты дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес бастауыш сыныптағы балаларды шахмат үйретумен 20 процент үлеспен қамту.
Сыныптың ашылу салтанатына қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Жаннат Сәдуақасова, Қызылорда облысының білім басқармасының «Білім, спорт және қосымша білім беру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, KazChess Қызылорда қаласындағы филиалының атқарушы директоры Сұлтангүл Тұяқбаева, Гиннесс рекордтар кітабына кірген, алып күш иесі Сергей Цырульников қатысып, білім ордасында шахмат шеберлерін дайындауда даңғыл жол ашылатынына сенімді екендерін жеткізіп, жас шахматшыларға сәттілік тіледі.
 

Ал сом білекті, батыл жүректі Сергей Цырульников мектептің акт залында темір тағаны ерен күшпен майыстырып, түрлі трюктер жасап, оқушылармен бірге жаттығулар жасады. Мектепке қолдан жасалған  темір тағаны сыйға тартты. Ерен күш иесінің айтуынша мұндай тағаны ол мұнан бұрын 33 мемлекетке тарту еткен. 
 

Айта кетейік, бүгінгі таңда KazChess Freedom Broker компаниясының және Freedom Shapagat корпоративтік қорының қолдауымен еліміздің 7 аймағындағы 7 базалық мектепке шахматты сапалы оқытуға арналған толық жиынтықты  қамтамасыз етті.  «Абай» атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандырылған сыныптары бар мектебінен бөлек, Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейі, Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясы, Шымкент қаласындағы Қарсыбай Спатаев атындағы № 7 мектеп-лицейі, Алматы қаласындағы №90 мамандандырылған мектеп-лицейі, Павлодар қаласындағы Мәшһур Жүсіп атындағы мектебі мен Орал қаласындағы №37 мектебі.
Сала мамандарының айтуынша, шахмат пәнің бүгінде еліміздің жеті облысындағы 42 мектепте бастауыш сынып мұғалімдері оқытады. Оқуға мыңнан астам бірінші сынып оқушылары қамтылған. 2024-25 жаңа оқу жылында жобадағы мектептердің саның 350-ге дейін қамту жоспарлануда. KazChess шахмат ойыны арқылы жас қазақстандықтардың ақылды, білімді және тәрбиелі болуына үлес қосуын жалғастыратын болады. Енді шахмат ойнау шеберлері біздің өңірдің де мәртебесін биік көтеруге атсалысатын болады.

Тағы да оқыңыз: