Kyzylorda-news.kz  «Мәдениет – ұлт мәйегі» деп текке айтылмаса керек. Олай дейтініміз, мәдениет пен өнердің еліміздің жан-жақты дамуы мен өсіп-өркендеуіне қосар үлесі өлшеусіз. Өзіндік сан түрлі қызығымен бірге қиындығы қатар жүретін бұл егіз ұғым – қаншама сан ғасыр бойы құнды мұра болып үзілмей келе жатқан халықтың рухани құндылығы, дәулет-байлығы, асыл қазынасы.       Ұлттық сананың кемелденуі, ел мәдениеті мен өнерін өркендету жолында мәдениет саласы мамандарының, оның ішінде айтқанда мәдениет үйінің, ауылдық клуб және шығармашылық орталық қызметкерлерінің орны әркез  ерекше. Жүгі ауыр, жауапкершілігі мол салада қажырлы еңбек етіп, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында игілікті іс атқарып жүрген білікті қызметкерлер қаншама. Ауданымыздың мәдениет саласы күннен-күнге  қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Еліміздің мәдени мұрасы мен ұлт руханиятының даму жолында, аудан игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жанның бірі – мәдениет саласының білікті маманы Гүлзира Райымбекова.

 Өмірін өнерімен өрнектеген Гүлзира Жақыпбекқызы – Шаған ауылында дүниеге келген. Білікті маман өзі туып өскен Шағандағы №37 орта мектепте білім алып, 1989 жылы ойдағыдай тәмәмдайды. Өнер әлемінің өр тұлғасы бала кезінен-ақ өнерге бір табан жақын болған. Бес жасынан бастап ауыл сахнасында өнер көрсетіп, би билеген өнер иесі ауыл көркем өнерпаздарының «Жаңаша» ойын-сауық отауының барлық концерттерінде түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық биін билеп, сол кезден-ақ өнерімен көпшіліктің көзіне түсе білген. Ауданның мәдениет саласында жастардың шығармашылығын шыңдап жүрген ардақты ұстаз бүгінде ұл мен қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана.

 – Мектепті ойдағыдай бітірген соң облыстық «Алло, мы ищем талантов» атты өнер байқауына қатысып, сол байқаудан Шымкент қаласындағы қазіргі М.Әуезов атындағы университеттің хореография бөліміне қабылданып, оқуға түстім. Алайда ата-анам қарсы болған соң ауылға қайтып оралып, алғашқы еңбек жолымды 1989 жылы Шаған ауылдық ауруханасында медрегистратор болып бастаған болатынмын. Бала күнгі арманыма жетелеп 1990-1994 жылдары Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университетінің музыка факультетінің жыраулар кафедрасында білім алдым. 1994 жылы №37 орта мектепте бастауыш сыныбында, одан бөлек Қызылорда қаласындағы №173 орта мектепте ән-күй сабағынан ұстаздық еттім. Қызығы мен шыжығы бірге жүретін жауапкершілігі мол салада қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеу – мен үшін үлкен мәртебе. Шәкірттерімнің жеткен жетістігі – жылдар бойы тынымсыз еңбегімнің нәтижесі деп білемін, – дейді кейіпкеріміз.

 Ауыл мәдениетінің дамуы мен өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосып жүрген білікті маман 2002 жылы Шаған ауылында «Шаған-жер» агрофирмасына биші-хореограф болып орналасып, ең алғаш рет би үйірмесін ашып жеткіншектерге сабақ берген. Одан бөлек ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші маманы қызметін атқара жүріп, мәдениет үйі жанынан «Сыр гүлі» би үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелеген. Сол «Сыр гүлі» би үйірмесіндегі оқушылардың бойындағы би өнеріне деген құштарлығын, қызығушылығын арттырып, үйірме оқушыларын жетелеп түрлі аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық бай-қауларға апарған ұстаз, түрлі би түрлерін үйрете жүріп жан-жақты өнерге деген қызығушылығын арттырған. Өлке өнерінде өзіндік өрнегі бар, жылдар бойғы еңбегімен аудан мәдениетінің мәйегіне айналған Гүлбану Жақыпбекқызының жеткен жетістіктері жетерлік. Атап айтқанда 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен «Халықтық» және «Үлгілі» атағы аяулы жан жетекшілік ететін іргелі ұжымға берілді. 2011 жылы аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Көшербаевтың «Үздік көркемдік жетекші» дипломымен, ал 2015 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Ақ көгершін» байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, «Үздік оқытушы» номинациясымен марапат

талған. Одан бөлек облыстық «Үздік үйірме жетекшісі-2016» атты үйірме жетекшілерінің кәсіби байқауынан жүлделі ІІ орынды және «Үздік би үйірмесі жетекшісі» номинациясын иеленген. Шәкірт тәрбиелеп, жылдар бойы тынымсыз қызмет еткен білікті маманның еңбегі бағаланып, 2022 жылы республикалық «Жеті Өнер» балалар шығармашылығы мен жасөспірімдер өнер орталығының Құрмет грамотасымен, «Үздік көшбасшы хореограф» төсбелгісімен марапатталған. Бұл аталған жетістіктер Гүлбану Райымбекованың жеткен жетістіктерінің тек бір бөлігі ғана десек болады.

  – Осы уақытқа дейін Шаған ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқарып, ауыл ішіндегі барлық мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, оның сценарийін жазып, жүргізіп, ән айтып, халқымның ақ батасын алып келемін. Ауылымның халқының алдында басымды иемін, ризашылығым шексіз. Жаңаша ой, жаңа жаңалықтар іздеп, дәл солай болмаса да соған жақындау етіп түрлі форматта, түрлі аудиториямен заманауи үлгіде жұмыс жасағанды, сонымен қоса ең бірінші баламен, көпшілікпен жұмыс жасағанды жөн санаймын. Өмір бір уақытты ұстап тұра бермейді, адам болған соң алға талпыну керек, жақсы өмір сүруге, адал еңбектің нанын жеуге тырысу керек. Өмір болған соң түрлі сынақ, түрлі қиындықтар болатыны сөзсіз. Осындай бір келеңсіз кезеңдерді бастан кешірген кезде қасымнан табылып өз ақылын айтып, үлкен жол көрсетіп келген мәдениет саласының ардагері Күләш апайыма үлкен алғысымды білдіремін. Қазіргі уақытта осы үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда қаласындағы жақында аймақ басшының қолдауымен ашылған облыстық филармониясының «Жыр елі Жыраулар үйінде» әдіскер болып қызмет атқарып келемін. Жаңа орта, жаңа қызметке ауыстым. Келгеніме аз ғана уақыт болса да, жаңа ортаға тез үйренісіп, жұмыс жасаудамын. Жаңа қызметтегі басшыларыма алғысым шексіз және осы уақытқа дейін 22 жыл бірге жұмыс жасаған Шаған ауылдық мәдениет үйінің басшысы Ербол Медет пен ұжымыма үлкен алғысымды айтамын, – дейді білікті маман.

 Ұлттық сананың кемелденуі жолында мәдениет саласының маман-дарының қосатын үлесі орасан. Мұның барлығы – өнер адамдарының еселі еңбегі, жүйелі жұмысы. Өмір айнасы өнер болған соң, ол жарыққа шықпай тұра алмайтыны анық. Олай деуге себеп, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие. Еліміздің бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі әркез бағалы. Өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі әркез ел есінде, ұмытылмақ емес.

Тағы да оқыңыз: