Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №18 кітапхананың ұйымдастыруымен №271 мектеп оқушылары мен Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж оқушыларының қатысуымен әскери қайраткер, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жылдығына орай "Өресі биік өр тұлға" атты елтану сағаты өткізілді.

Шара барысында батырдың өмірбаяны мен ерліктері, қазақ халқына сіңірген еңбегі және жазып қалдырған естеліктері туралы жастарға мол ақпарат берілді. Жас оқырмандарымыз өз кезегінде Отан, туған ел, Жеңіс тақырыбында өлеңдер айтып, күй тартып елтану сағатын патриоттық көңіл-күйде өткізді.

Әскери қайраткер, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов 1924 жылы, 25 мамырда Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген.Әке-шешесінен ерте айырылған бала Сағадаттың жетімдік тағдыры тым ерте басталады. Ата-ана орнын жалғыз арқа сүйер ағасы Сағит басты.Сағадат ағасы Сағитты ерекше жақсы көретін, аға сөзін байыппен тыңдайтын. Ағасы өте білімді болған.Оқуға ынталы кішкентай Сағадат, елді аштық жайлаған - 1933 жылы Алексеевка селосындағы орыс мектебіне барды. Білімді жақсы игерген зеректігінің арқасында Сағадат туған ауылына қызмет етіп, еңбекке ерте араласады. Далалық бригаданың есепшісі болды.1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда ағасы Сағит соғысқа аттанады. Ағасы соғыста қаза болып,1942 жылы өзі сұранып Сағадат та әскерге алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан.1945 жылы 27 ақпанда Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Қаһарман қазақ ұлы Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлинде аяқтап, жеңіспен оралды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан республикасының Қорғаныс министрі болып қызмет атқарды.2013 жылдың 24 қыркүйегінде 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Отан үшін от кешкен өресі биік өр тұлға Сағадат Нұрмағамбетовтың жарқын бейнесі ел есінде мәңгі сақталады.

Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – жастарды, оқушыларды отансүйгіштікке баулу, ұландарымызға үлгілі тарихи тұлғаларымызды насихаттау.

Тағы да оқыңыз: