Kyzylorda-news.kz Жаз айларында ауызсудың көп жетіспеушілігі байқалып жатады. Оның бірден-бір себебі жазда ауызсуды аяқсуға пайдаланудың салдарынан болады. Осы тақырыптың аясында жақында Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің басшысы Асылбек Сәрсембаев брифинг өткізді.

Брифинг барысында күз-қыс айларында күніне 3 500-4 000 текше метр су жеткілікті, ал жаз айларында 6 500-7 000 текше метр су жеткіліксіз екенін атап өтті. Алдағы уақытта Сүттіқұдықтан келетін екінші магистраль құбырының құрылысы аяқталса, аталған мәселе оң шешімін тауып, тұрғындарды жаз айларында да үздіксіз 24 сағат бойы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болатынын баяндады. 

– Аудан бойынша 27 насос станциясы, 23 дана су қыспақты мұнарасы, 148,35 шақырым бас су құбырлары, 363,4 шақырым ішкі су тарату желілері халыққа ауызсу тарату қызметін көрсетеді. Ауызсу жеткізуші қызметін атқаратын «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі Сүттіқұдық елді мекеніне қарасты Бас саға арқылы ауызсуды өндіріп, Жаңақорған кенті мен Жаңақорған ауданының 6 елді мекеніне, сонымен қатар Шиелі кенті мен ауданның 22 елді мекеніне су жеткізіп отыр. Қазіргі таңда «Шиелі ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі 7 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етеді. Атап айтсақ, Бірлестік, М.Шоқай, 1 Мамыр, Майлытоғай, Тартоғай, Ботабай, Сұлутөбе, Бұланбай бауы бойынша барлық тұтынушылар саны – 7 975, 1 354 абонент ауызсу тұтынады, – деді Асылбек Сәрсембаев. 

Оның айтуынша, кәріз жүйесін жаңарту мақсатында «Қызылорда облысы, Шиелі кенті, Көкшоқы шағын ауданының су бұру желілері мен құрылыстарын қайта жаңғырту» жобасы бойынша 1-этап аяқталып, қолданысқа берілді. Алайда, өнімділігі тәулігіне 220 текше метр лас суды тазартатын станция жеткіліксіз болғандықтан, 2-этапқа жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. 1 маусымға дейін жоба аяқталып, құрылысына бюджеттік өтінім берілетін болады. 

Сонымен қатар «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесіне қарасты Көкшоқы мөлтек ауданының жалпы ауызсу пайдаланушы абоненттерінің саны – 1 366, халық саны – 5 373 адам, су желісінің ұзындығы – 19,2 км. Кәріз су жүйесін тұтынушылардың саны 675-ті құрайды. Тұтынушыларды 24 сағат ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында елді мекендердегі су мұнараларын түнгі мезгілге толтыру жүзеге асырылады. 

Табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті органмен бекітілген ауызсу жеткізу қызметінің тарифі ҚҚС-мен – 382,72 теңгені құрайды, ал оқшау су бойынша – 307,84 теңге, сарқынды су тарифі ҚҚС-мен – 54,04 теңгені құрайды. Алайда тұрғындар әрбір пайдаланған ауызсудың 1 текше метріне жеңілдетілген тарифпен (ҚҚСмен – 30 теңгеден) төлем жасайды. Бекітілген тариф пен жеңілдетілген тариф арасындағы айырма мемлекеттік бюджет есебінен субсидиялар түрінде төленеді. 

Брифингте журналистер сұрақтарын қойып, ауызсу мәселесі кеңінен талқыланды. Сондай-ақ өткен жылы атқарылған жұмыстар да тыңдалды. 2023 жылы «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі бойынша 2 764 088 текше метр, ал оқшау су жүйелері бойынша 285 275 текше метр су тұтынушыларға таратылды. Алғабас пен Бестам елді мекендері аралығындағы д-160 мм магистралды ПЭ су құбырының 223 метр жері ауыстырылып, жаңадан салынды. Шиелі кенті Бурабай көшесі мен Зекеев көшелеріне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңадан ауызсу құбыры (салынды) жүргізілсе, Бас су сағада 160 кВт тансформаторының қуаты жетіспеушілігіне байланысты 250 кВт трансформаторына ауыстырылды. Өткен жылы су жүйесінде орын алған 733 апаттық жағдайға 944 103 теңге, ал оқшау су жүйесінің апаттық жағдайына 246 939 теңге қаражат жұмсалды. Су шығынын азайту мақсатында өндірістік бөлімше тарапынан рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, 1 900 355 теңге айыппұл салынып, қаражаты кассаға кірістелді. Яғни 63 345 м3 суды құрады. 

Жоспарлы түрде көктемгі – сәуір айында, күзгі – қыркүйек айында аудандық СЭС қызметкерлерімен бірлесе отырып, барлық ішкі су тарату желілеріне, магистралды су құбырына, су мұнараларына және су қоймаларына жуып-шаю, залалсыздандыру жұмыстары қарастырылады. Бүгінде тұтынушыларды 24 сағат үздіксіз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Қодаманов, Бидайкөл, Н.Бекежанов, Байсын, Ы.Жақаев, №21 Бекет, Жансейіт, Ортақшыл, Досбол би, Ә.Тәжібаев, Бәйгеқұм, Балаби, Алмалы елді мекендерінде, яғни 13 ауылда 8 ай бойы «Байпасная линия» арқылы ауызсу берілуде. 

Жиында сала басшысы қазіргі таңда Бұланбай бауы мен Тұрсынбай датқа ауылдарына жаңа типтік насос станциясының құрылысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге ұсынылғанын тілге тиек етті. Сапалы және үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету үшін Майлытоғай, 1 Мамыр, Бірлестік елді мекендеріне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңадан насос станцияларының құрылысының жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. 

Брифинг соңында Асылбек Шағдарұлы «Су тіршілік көзі, өмірдің қуаты», «Судың да сұрауы бар» екенін тұрғындар назарына сала отырып, ауызсуды барынша үнемді пайдалануға, ауызсу төлемін уақытылы төлеуге шақырды. 

– Ауызсуды үнемді пайдаланып, әр айдың 25-жұлдызына дейін төлем жасауды ұмытпаған жөн екенін естеріңізге саламыз. Жалпы мекемеде Шиелі кенті мен елді мекендерді аралайтын 23 инспектор-бақылаушылар көше аралап, ауызсу ақысын жинауда, ғимаратта арнайы төлем кассасы жұмыс істейді. Апаттық жағдай орын алған жағдайда, тәулік бойы диспетчерлік қызметке 4-19-99 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады, – деп, баяндамасын аяқтады.

Тағы да оқыңыз: