Kyzylorda-news.kz  Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды, – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Атырау қаласында өткен үшінші отырысында айтқандай, Кітапхана – ғылым, білім және мәдениет орталығы, ал кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ.

23 сәуір - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай Қармақшы аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «KITAПшоу – 2024» фестивалі болып өтті. Kitap Fest – республикалық ауқымдағы алғашқы кітап фестивалі және бұл іс-шара 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.

Фестивальдің мақсаты – кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. 

Фестивальде кітап инсталлияциясы, кітапханалар жанынан ашылған үйірме жұмыстары, ІІ республикалық «Шәкірім оқулары» байқауының аудандық, облыстық жеңімпазы Жақсылық Жанеркемен «Оқырман бенефисі», «Көркем әдебиеттегі аналар бейнесінің дефилесі» бойынша Тұмар ханым, Домалақ ана, Зере әже, Ұлпан ана, Қамар сұлу, Шұғаның бейнесін сомдаған кітапханашылар шеруі, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасынан көрініс және балабақша бүлдіршіндеріне арналған «Үйшік» ертегісінен қойылым көрсетілді. 

Фестивальге зиялы қауым өкілдері мен кітап сүйер оқырмандар қатысты. Сонымен қатар кітапхананың үздік және белсенді оқырмандары аудан әкімі орынбасары Самат Смағұловтың Алғыс хатымен марапатталды.
 

Тағы да оқыңыз: