Kyzylorda-news.kz Былтырғы жыл еліміз үшін сындарлы кезең болды. Тәуелсіз Қазақстан жаңа саяси реформаларға тың қадам жасады. Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау – ең ауқымды әрі аса маңызды саяси оқиға болды.  

Президенттің әділетті Қазақстан құру бастамасы жыл бойы саясаттың, экономиканың, идеологияның алтын діңгегіне айналды. Еліміз саяси және экономикалық даму кезеңіне қадам басты. Түйткілді мәселелер ашық айтылып, талқыға түсті. Қоғам өміріне көптеген өзгерістер еніп, жаңа бастамаларға негіз қаланды. 

Әділетті мемлекет құру кезеңіндегі Қазақстанның бүгінгі жағдайында Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам»  атты Жолдауының ел дамуына ерекше серпін беретін маңызды және әрбір азаматтың көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа құжат.   
Президент өз жолдауында азаматтардың табысын арттыруды, еңбекақының төменгі мөлшерін көбейтуді, бюджет саласында қызмет істейтін азаматтардың әл-ауқаты арттыруды, «шикізат үшін шетке жалтақтамай, елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру», яғни өндірістің барлық сатысын елде дамытуды қамтамасыз етуді, ұлттық экономика өсімін 2 есеге арттыруды, суды үнемдеп пайдалану, ысырапқа жол бермеу, су көздерін пайдалануда озық технологияны енгізуді,  мемлекеттің болашағы-балалар мен жастардың жағдайын жақсартуды, осымен қатар «Отбасы банк» қызметін қайта қарау, басты назарды аудандар мен моно-қалаларға, ауылдарға аударуды тапсырды. 

Мемлекет басшысы  қазіргі таңдағы әлемді шарпыған күрделі геосаяси ахуал мен жаһандық экономика жағдайына шолу жасай отырып, осындай алмағайып кезеңде еліміздің қатардан қалмай өз орнын табуы мен тұрақты дамуы жағдайындағы «Жаңа экономикалық» үлгі моделіне көшу қажеттігін атап көрсетті. 

Біздің алдымыздағы басты мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауда белгілеп берген міндеттерін ел болып, жұрт болып жүзеге асыру. Ал, депутаттық коpпустың басты міндеті – Мемлекет басшысы Жолдауының іс жүзінде жүзеге асыpуға сапалы заңнамалық қолдауды жедел қамтамасыз ету. 

Мемлекет басшысының Жолдауын басшылыққа ала отырып, Мәслихат жұмысының басты міндеті – аудан аумағында мемлекет саясатын жүргізуге, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жүзеге асыруға, халықтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға бағытталған шаралар болып табылады.
Қармақшы аудандық мәслихат депутаттары өз қызметінде Жолдауда көрсетілген тапсырмалардың орындалуына оң ықпал жасап, аудан өміріне байланысты ұйымдастыру шараларын кеңінен өткізіп келеді. Көпшілік арасында Жолдауды және Үкіметтің маңызды шешімдерін саяси түсіндіру, насихаттау жұмыстарына белсене араласады, депутаттардың көмегімен әр-алуан түйткілді мәселелер өз шешімін тауып жатады. 

Біздің алдымыздағы басты мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауда белгілеп берген міндеттерін ел болып, жұрт болып жүзеге асыру. 

Ауданымыздың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беріліп отыр. Былтырғы жылыауылшаруашылығы саласы бойынша барлығы 26 288 гектар егіс орналастырылып, күріш – 13770 гектар, жаздық бидай – 1050 гектар, мақсары – 1028 гектар, арпа 150 гектар, сүрмел жүгері – 39 гектар, күнбағыс – 3 гектар, құмай – 50 гектар, мал азықтық дақылдар – 8728 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1470 гектар егілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 22 млрд 752,7 млн.теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,5 пайызды құрады. Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша тұқымдық түрлендірумен 35 шаруа қожалық мүйізді ірі қара, 3 шаруа қожалығы қой және 16 шаруа қожалықтар жылқы шаруашылығымен айналысуда. Бүгінгі күні аудан бойынша 16 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, жұмыс жасауда. Аудан бюджеті қазіргі таңда, яғни 2023 жылы жоспар бойынша 12373,5 млн.теңге болып бекітілді. 2023 жылы орындалуы 12495,6 млн.теңгені құрады, оның ішінде өз кірістеріміз 2178,2 млн.теңгеге орындалды, 123,1 млн. теңге жергілікті бюджетке жоспардан артық түсті, – дейді Қармақшы аудандық мәслихатының төрағасы Әділ Қошалақов.

Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, аудан бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайтуға жұмыстар жүргізілуде.

Ауданға 15 млрд 247,0 млн. теңгеге инвестиция тартылып, 7 млрд 340,0 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, ауданда негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 2001 жылы 60,0 млн.теңгені құраса, 2023 жылы 15247,0 млн.теңгені құрады. Жыл сайын аудан бойынша жұмыссыздар саны төмендеуде. Егер 2005 жылы 3,0 мың адам болса, 2007 жылы 2,2 мың адам, 2023 жылы жұмыссыздар саны 528 адам болды. Аудандағы тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы жыл өткен сайын өсе түсуде, 2021 жылы орташа өмір сүру 71,3 жас болса, 2023 жылдың қорытындысымен 72, 4 жасты құрады.

2023 жылы Қармақшы ауданы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан және облыстық бюджеттерден жалпы саны 43 жобаға 1 366,0 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, Жосалы кентінде 15, Ақтөбе 1, Ақай 3, Ақжар 1, ІІІ Интернационал 1, Қуаңдария 2, ауылдық округтерінде барлығы 21 көше асфальтталды. 

Жергілікті мәслихаттар аймақтың даму жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті бекіту мен көптеген бағдарламалардың орындалуына бақылау жүргізу құқығын иеленіп елдің даму жолында беделді күшке айналды. 

Мәслихат құзыретіне заңмен жатқызылған міндеттерді талап деңгейінде орындай отырып, халықтың сенімі мен  үмітін адал ақтауға және елдің әлеуметтік - экономикалық, саяси тұрғыдан жан-жақты дамуы жолында қоғамды барынша біріге жұмылдыруда халық қалаулылары бірлесе жұмыс атқаруда.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының     2013 жылғы 13 маусымдағы Заңымен, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан  Республикасы Заңының 8-бабы «Мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді.  Мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес халық алдында жауапты болады» деген тармақпен толықтырылған болатын.

Қармақшы ауданы бойынша, яғни барлық елді мекендерді қосқанда аудандық мәслихаттың 13 депутаты бар.

Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістерге байланысты еліміздегі саяси реформалар өз жалғасын табуда. Өздеріңізге белгілі, 2023 жылдың 19 наурызына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және жергілікті деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауы өтіп, сегізінші шақырылған Қармақшы аудандық мәслихатының депутаттық корпусы 2023 жылдың наурызында жаңадан жасақталды. Депутаттардың оны  «AMANAT» партиясының мүшесі, біреуі «Ақжол» партиясының мүшесі, екеуі «Ауыл» партиясының мүшесі.

Аудандық мәслихат депутаттарының құрамы жайлы айтар болсақ, депутаттардың 11-і ерлер, 2-і әйелдер.  Ең жас депутат 27-те болса, ең үлкені 60 жаста. 20-30 жас аралығында 1-депутат, 30-40 жас аралығында  2-депутат,  40-50  жас  аралығында 5-депутат, 50-60 жас аралығында 5-депутат. Кәсіби біліктілігі бойынша 1 дәрігер, 3 инженер, 1 мұғалім, 2 экономист, 2 заңгер, 2-мәдениет саласы, 1 мемлекеттік және жергілікті басқару, 1 ауыл шаруашылығы саласының маманы. Халық қалаулыларының арасында 6 депутат өткен шақырылымның депутаттары.

Аудандық мәслихатта 3 тұрақты комиссиялары жұмыс атқарады. Оның ішінде «Экономика, қаржы,  юджет, жергілікті басқару және дағдарысқа қарсы іс-қимыл» мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, оның төрағасы Рзалиев Еркін, мүшелері Нысанбаев Бақытжан Сағилатұлы, Джакешов Абай Байдуллаевич, Дауленбаева Шолпан Ануаровна.

«Аймақтық даму, өндіріс және ауылшаруашылығы салалары, сауда, бизнес кәсіпкерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» мәселелері жөніндегі  тұрақты комиссия, оның төрағасы Бекбаев Мырзаш Қуандықұлы, мүшелері Ералиев Төлеу Айманұлы, Бөгетов Болат Әлдебайұлы, Қанатбай Дәулет Аббазұлы.

«Әлеуметтік, жастар саясаты, құқық қорғау, спорт, туризм және мәдениет» мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, оның төрағасы, Байрахтарова Дильфура Бакишқызы, мүшелері Буханов Дастан Абдибекович, Бақтияров Нұрлан Жеңісбекұлы, Әділбеков Сырым Смаилұлы.

Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қызметі, өкілеттігі мен жұмыс тәртібі Заңның 12-15 баптарында белгіленген. Тұрақты комиссиялардың жеке немесе бірлескен отырыстары, әдетте депутаттардың қатысу мүмкіншілігі ескеріле отырып, сессиялар қарсаңында өткізіледі, сонымен қатар қажеттілікке қарай басқа мезгілде де өткізілуі мүмкін. Жоғарыда аталған Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес мәслихаттың кезекті сессиясы кемінде жылына төрт рет шақырылады. Мәслихат сессиясында шұғыл шешілуі тиіс мәселелер туындаған жағдайларда мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің, сондай-ақ аудан әкімінің ұсынысы бойынша күн тәртібі тек осы мәселелерімен ғана шектелген мәслихаттың кезектен тыс сессиясы шақырылады. 

2023 жыл бойынша сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың 13 сессиясы, оның 4 кезекті, 9 кезектен тыс сессия өткізіліп, 123 шешім қабылданды. Сондай-ақ, осы кезеңде мәслихат төрағасының 89 өкімі шықты.

Мемлекет басшысының Жолдауында өкілетті орган ретінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуда жергілікті мәслихаттардың рөліне айрықша көңіл бөлінді. Мәслихат депутаттарының жұмысы мен отырыстары тікелей эфирде көрсетіле отырып, ашық түрде жүруі қажет екенін және бұл қадам мәслихат депутаттарының жергілікті бюджет шығындарын бақылап, олардың аймақ көлеміндегі мәселелерді шешуде белсенділігін арттыруға жол ашады делінген.

Осыған сәйкес, аудандық мәслихат сессияларын онлайн-трансляцияда өткізуді Facebook  желісімен жүзеге асыру үшін оған қажетті техникалық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда аудандық мәслихаттың сессиялары тікелей эфирде Facebook желісінде онлайн-трансляцияда өткізіліп келеді.
Аудандық мәслихаттың кезекті сессияларында «Ауданда кіші және орта кәсіпкерліктің жәйы және оларды қолдау шаралары туралы», «Қармақшы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі», «Аудандағы қоғамдық тәртіптің жәй-күйі туралы», «2022 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы», «Кенттер мен ауылдық округтердің бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептерін бекіту туралы», «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы», «2024-2026 жылдарға арналған кенттер мен  ауылдық округтер бюджеттері туралы» мәселелер қаралды. Қабылданған, тіркелуге жататын 5 сессия шешімдері облыстық әділет департаментінде уақытында тіркеліп, ресми баспасөзде жарияланды.

Кезекті сессияда қаралатын жоспарлы мәселені әзірлеу үшін құрамында депутаттар, мәселеге қатысты атқарушы органдар, сондай-ақ тиісті мекемелер басшылары мен мамандары бар аудандық мәслихаттың уақытша комиссиясы құрылады. Оған аудандық мәслихат депутаттары мен тиісті мамандар қатыстырылып, мәселені зерттеу-зерделеуде басшылыққа алынатын жадынама әзірленеді. Мақұлданған жадынама негізінде құрамында уақытша комиссия мүшелері бар жұмысшы топтары елді мекендерде зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысында аудан бойынша анықтамалар дайындалады және ол аудандық мәслихат аппаратында жинақталып, депутаттарға таныстырылады.

Сессияның күн тәртібінің жобасы және оған енгізілген мәселелер бойынша шешімдер жобалары тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында алдын ала талқылаудан өткізіледі, талқылау  қорытындысында мақұлданған мәселелер ғана сессияның күн тәртібінің жобасына енгізіліп, сессия қарауына ұсынылады.

Мәслихаттар құзыретіне заңмен жүктелген мәселелердің бірі жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады. Жылдық бюджет тиісті аумақты басқарудағы және оның тіршілігін жүргізудегі негізгі құжат саналатындықтан, сондай-ақ жыл ішінде түрлі себептерге  байланысты  оны  нақтылап отыру қажеттігі туындайтындықтан бюджетті нақтылау мерзімі кезекті сессия өткізу мерзіміне сәйкес келмеген жағдайларда Заңға сай кезектен тыс сессиялар өткізіледі.

Сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың сессияларында аудан үшін маңызды бірқатар шешімдер қабылданды. Оның ішінде «Қармақшы ауданы әкімдігі жанынан діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің құрамын бекіту туралы», «Әкімдік жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің құрамын бекіту туралы», «Мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы», «Аудан әкімдігі жанындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы», «Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы», «Аудан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және әріптестік жөніндегі аудандық кеңес құрамын бекіту туралы», «Аудандық жер комиссиясының құрамы және комиссия туралы ережені бекіту туралы», «Қармақшы ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту туралы», «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның  мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы», «Қармақшы аудандының Құрметті азаматы» атағын беру туралы, «Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы», «Қармақшы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы», «Қармақшы аудандық учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлау туралы» шешімдері қабылданды.  

Депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, демеушілік көмектерін көрсетіп отырады. Халықаралық балаларды қорғау күні және «Мектепке-жол» акциясы аясында қайырымдылық шаралары көрсетіледі. Қарттар мен мүгедектерді қорғау айлығында заттай, ақшалай, азықтай жәрдемдер жасалады. Әр депутат аз қамтылған жандарға, жалғызілікті қарттарға, көп балалы отбасыларға өз көмектерін көрсетіп тұрады. 

Аудандық мәслихат депутаттары облыстық мәслихат депутаттарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық проблемаларына және бюджеттік саясатқа, заңдылық пен құқық тәртібінің нығаюына айтарлықтай көбірек көңіл бөлуде. Облыстық мәслихаттың сессияларында қаралатын маңызды мәселелерге байланысты құрылатын комиссиялар құрамында да аудандық мәслихат депутаттары белсенділік танытып, біздің ауданға қатысты мәселелердің оң шешімін табуға өз ұсыныстарын айтып, іске асуына ықпал етуде.
Аудандық мәслихат депутаттары мен мәслихат аппараты республикалық «Мәслихат» журналымен, мәслихаттар құрылтайшысы болып саналатын Алматы қаласындағы «Көмек» компаниясымен тығыз байланыс орнатқан. Осы аталған оқу орталығында аудандық мәслихат төрағасы 2023 жылы өз біліктілігін арттырып, оқыту семинарында оқу курсынан өтіп келді.

Сонымен қатар, халық қалаулылары аудан әкімдігі жанынан құрылған түрлі комиссиялардың мүшелері ретінде олардың жұмысына қатысып отырады. 
«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес округтер бойынша сайланған аудандық мәслихат депутаттары Қармақшы ауданының әкімі және кент, ауылдық округі әкімдерінің 2023 жылғы халықпен кездесулеріне қатысып, өз сайлау округтеріндегі тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарды назарға алып, осы бағытта тиісті жұмыстар атқаруда.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашада қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттілігін анықтайтын «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданған болатын. Осы аталған заңға сәйкес жергілікті деңгейде ауданымызда да қоғамдық кеңес құрамы қалыптастырылып, құрамы және оның ережесі аудандық мәслихат сессиясында бекітіліп, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқаруда.

Қоғамдық кеңестердің негізгі мақсаты азаматтық қоғамның маңызды мәселелері бойынша пікірін білдіру болып табылады. Қоғамның мүддесін білдіру және жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету қоғамдық кеңестердің негізгі қызметі болып табылады.

Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 3 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  № 406-VI заңның 13-бабының 6-тармағында «Жергілікті деңгейдегі Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихаты жүзеге асырады» делінген. 

Жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сәйкес Қоғамдық кеңестің қызметін өз деңгейінде жүргізу үшін Қармақшы аудандық мәслихаты аппараты Қоғамдық кеңестің жұмысшы органы болып бекітілді және Қармақшы аудандық мәслихат төрағасының өкімімен аудандық мәслихат аппаратына 2022 жылдың 21 қарашасынан бастап қоғамдық кеңес хатшысының міндетін атқару үшін еңбек шарты бойынша 1 әдіскер жұмысқа алынды. Қоғамдық кеңес үшін кеңсе, жиһаз, канцеляриялық, шығыстары мәселелері толық шешілген.

Қармақшы аудандық қоғамдық кеңесінің 2023 жылға бекітілген жоспарына сәйкес 7 отырысы өткізіліп,  онда 36 мәселе қаралып, 19 нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жасалып, қоғамдық кеңестің ұсынымдары берілді.

Аудандық мәслихат аппараты да өз жұмысын тиісті заңдылықтарға және мәслихаттың регламентіне сай атқаруда. Қазіргі таңда, мәслихат аппаратында 5 мемлекеттік әкімшілік қызметкер және 4 азаматтық қызметші  жұмыс жасауда. Аппарат қызметкерлері депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға, сессиялар мен комиссиялар отырыстарын дайындауға, сайлаушылармен кездесулерін өткізуге жан-жақты әдістемелік, ұйымдастырушылық, құқықтық және өзге де көмек көрсетеді. 

Тұрақты негізде қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің құқықтық мониторингі жүргізіліп келеді. Облыстық әділет департаментінен мемлекеттік тіркеуден өткен мәслихат шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында, «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жарияланып, «Заң» деректер базасына енгізілді. 

2023 жылы аудандық мәслихатқа жеке және заңды тұлғалардан 19 өтініш келіп түсті. Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес тұрғындардан келіп түскен өтініштер дер кезінде заңдылықтарға сәйкес қаралып, өтініш иелеріне орындалуы туралы хабарлар жолданды. Аудандық мәслихат төрағасы мен аппарат басшысының азаматтарды қабылдау кестесі және мәслихат аппаратының сенім телефоны әр тоқсан сайын аудандық басылым бетінде жарияланып тұрады.  2023 жылы қабылдау кестесіне сәйкес аудандық мәслихат төрағасының жеке қабылдауында 26 адам  болып, олардың өтініштері  қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес шешімін тапты. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңының 33-бабының 5-тармағына және «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2018 жылғы 16 қаңтардағы № 13 бұйрығына сәйкес «Қармақшы аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі бекітіліп, жылдың қорытындысы бойынша аудандық мәслихат аппаратының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің  қызметі бағаланып отырады.

Мемлекет басшысының Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш – тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын тұжырымдамасын іске асыру міндетін жүктеді. Осы ретте ауданымызда әрбір тұрғынның өтініш тілектерін орындау маңызды. Ауданымыздың көркеюі мен дамуы, әрбір тұрғынның мұң-мұқтажының уақытылы шешімін тауып, халыққа жақын болып қолдау білдіру, қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, халықпен кері байланыс орнату әрқашанда мемлекетке сенімділікті арттыратыны сөзсіз.

Аудандық мәслихат депутаттары атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, мем¬лекет  тапсырмаларының, қабылданған бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуына атсалысады және аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмысын жалғастыра береді. 

Биік мақсаттарды бағындыру талмай еңбектеніп, үйлесімді әрекет ете білуімізге тікелей байланысты екенін халық қалаулылары жақсы түсінеді. 
 

Тағы да оқыңыз: