Kyzylorda-news.kz  Өндірісі мен өнеркәсібі өркендеген елдің әлеуметтік және экономикалық дамуы өзгеден озық тұрады. Бұл бағытта Сыр өңірінің әлеуеті алдыңғы қатарда тұр. Оның ішінде Жаңақорған ауданы өндіріс саласында да, инвестиция бағытында да көші ілгері. Яғни экономикалық тұрғыдан келсек, шикізат шығаруда, өнім өндіруде өлкенің өсу динамикасы көңіл қуантады. Бір ғана «Казатомпром» ҰАК» АҚ-на қарасты «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқыл зауытының бағыт-бағдарынан ауданның бүгіні мен болашағын бағамдай беруге болады. Аймағымыздағы айтулы мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігін таразылап, бет-беделін бағамдап көруді жөн көрдік.

Облыс аумағының геологиялық құрылымы әртүрлі бағалы кен орындарының қабатымен ерекшеленеді. Арал атырабы мен Қаратаудың қойнауынан толы қазына-байлығы бүтін елге қызмет етуде. Бұл аймақтың болашағының бұлыңғыр емес, баянды екенін көрсетеді. Соның ішінде Жаңақорған ауданының халқын жұмыспен қамтып, қапталында орналасқан Кейден елді мекенінің бүтіндей әлеуметтік мәселесін шешуде маңызы басым «СКЗ-U» күкірт-қышқыл зауытының жай-күйіне тоқталып өтейік.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған күкірт-қышқылы зауытының бүгінде жылдық қуаты 510 мың тоннаға жеткен. Зауыт күніне 1500 тонна шикізат өндіреді. Облыстағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында алғаш қолға алынған өндіріс орнында бастапқы жылдары 100 мың тонна күкірт қышқылы өндірілсе, кейінгі жылдары өндіріс жұмысы қалыпқа түсіп, өнімділік артты. Сонымен бірге электр энергиясын өндіріп, аудандық электр желісіне арзан бағада беруді қамтамасыз етуде.

Казатомпром ҰАК әлеуметтік жауапты комапния ретінде елдегі барлық шараларға жауапты болса, комапнияға қарасты «СКЗ-U» ЖШС елдің экономикасына үлес қосумен бірге осы әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып келеді. Түрлі бағыттағы қайырымдылық, демеушілік шараларынан қалыс қалған кезі жоқ. Зауыт құрылысы басталғалы Кейден ауылына көмек беруден бас тартқан емес. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сай скважиналар қазып, оларға су тазартқыш орнатып берді. Тұрғындардың есік алдындағы учаскелеріне егін егу үшін дариядан су айдайтын электромотор орнатып беруді назардан тыс қалдырмады.

– «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауыты Қызылор¬да облысының инновациялық-серпінді жобасы. Өндіріс орны 2007 жылы құрылған. Кәсіпорын 2012 жылы пайдалануға берілді. Тәулігіне 1500 тонна өнім өндіріледі. Бүгінде мұнда 273 адам жұмыс істейді. Оның 75% жергілікті ауданның азаматтары болса, оның ішінде Кейден ауылдық округінің тұрғындары да аз емес. Жалпы алғанда аудан экономикасының дамуына қомақты үлес қосып отыр.
Біздің зауыт – күкірт қышқылын дайындайтын Сыр бойындағы ауқымды өндіріс орындарының бірі. Шет елдің озық технологиялары қолдану нәтижесінде экологиялық залалсыз жұмыс істеп келеміз. Зауыт негізінен жер асты байлығын өзге қоспалардан сілті қышқылы арқылы айырып алатын өнеркәсіп орындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Осы бағытта шикізат, яғни, күкірт Атыраудан әкелінеді, – дейді зауыттың бас директоры Ернұр Қожамбердиев.

Жоғарыда айтқандай, мекеме ауданындағы барлық қайырымдылық істердің басы-қасынан үнемі табылып келеді.

– «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді халық даналығында. Қайырымдылық – ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетінің, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Елімізде әр түрлі ак¬циялар мен іс-шаралар өтуде, сол жұмыстардың жүруіне қайырымдылық қоры арқылы қол ұшын созып келеміз. Атап айтсақ, жағдайы төмен отбасыларына азық-түлікпен көмек беру басты назарда. Кейден ауылдық округі әкімшілігімен бірлесе қарт аналарды, аудандағы соғыс және тыл ардагерлерін мерекемен құттықтауды ұдайы ұйымдастырып келеміз. «Мектепке жол акциясы» аясында балаларды мектеп формасы және қажетті құралдармен қамтамасыз етуге айрықша мән береміз. Кейден ауылдық округіндегі ауыз су мәселесіне материалдық тұрғыда көмек беруді де назарда ұстап келеміз. Еліміздегі су тасқынына байланысты қаржылай көмегімізді бердік. Жаңа жыл қарсаңында аз қамтылған отбасы балаларына көмек беру, аудандағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар жасау және Кейден ауылын техникамен қамтамасыз етіп отыруды да назардан тыс қалдырмай келеміз. Бұдан бөлек қаншама қамқорлық шараларымыз аз емес, – дейді мекеменің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлімі басшысы Гүлнара Рустемова.

Аталмыш мекеме жыл сайын қайырымдылық шарадан бөлек мерекелік күндерді, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мейрамдарды атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ынтымақ пен достықтың кепіліндей өндірісте түрлі ұлт өкілі ауызбіршілікте еңбек етіп, әр мейрамда ұжым болып ұйыса кетеді. Өткен аптада әз-Наурыз мерекесінде болып, керемет кештің куәсі болдық.

Жақсылықтың жаршысы, жаңарудың нышаны болған, Жер ана оянып, табиғаттың босан¬ған шағын қазақ халқы жақсылыққа балаған Наурыз күніне орай өткен шарада бір-біріне ақ тілектерін арнаған мекеме ұжымы қазақтың ұлттық ойындарымен күш сынасты. Әуелі ұзақ қашықтыққа жүгіруден бөлімшеаралық жарыс өтті. Кіл жүйріктер оза шапқан жарыстың үздіктері марапат төріне көтерілді. Одан кейін арқан тартыстан алыптар айқасты. Қара жердің шаңын шығарған білектілердің бәсекесінен кейін барлық ұжым ақ дастарханға жайғасып, мерекелік кештің куәсі болды. Аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасын тамашалап, бір сергіп алды.

Мерекелік шараны бас дирек¬тордың өндіріс жөніндегі орынбасары Дайырбек Қаленұлы, бас директордың қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Сұлтанмахмуд Шарханұлы және зауыт директоры Сағыныш Алмасбайұлы ашып, жылы лебізін білдірді. Одан мара¬пат мінберіне бірнеше қызметкер көтеріліп, жоғары басшылықтың және аудан әкімінің алғысына бөленді. Марапаттан соң сахна төріне көтерілген зауыттың бас директоры Ернұр Маратбекұлы ыстық ықыласын білдіріп, мекеме жұмысшыларына құрмет көрсетті.

Елдегі апатқа байланысты Қазатомпром мекемесі тасқыннан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетуде. 10 сәуірден бастап Қазатомпром қызметкерлері Атырау және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Орал қаласына кезекпен жіберіліп тасқын зардаптарын жоюға белсенді қатысуда.
Осы уақыт аралығында арнайы техникалар және шаруашылық-тұрмыстық құралдар түріндегі гуманитарлық көмек жеткізілді. Барлық бекітілген учаскелерде бөгеттер салу және нығайту жұмыстары жалғасуда. 84 арнайы техника жұмылдырылды.

Өз кезегінде, компания бекітіл¬ген учаскелердегі қызметкерлерінің жай-жағдайын және қауіпсіздігін бақылауында ұстап отыр.

– Елімізде орын алып жатқан табиғи апат барша қазақтың қабырғасын қайыстырып тұр. Біздің ұжым, мекеме қызметкерлері де қаржылай демеушілік жасап, қиналған ағайынға қол ұшын создық. Бұл біздің азаматтық парызымыз.

Былтырғы жылды біздің мекеме табысты түйіндеді. Мұның барлығы бірліктің, тындырымды тірліктің арқасында. Биыл да меже айқын, ең бастысы, сапалы қызмет жасаудың жолын жүйелей түсуіміз керек. Келе жатқан мерекелермен баршаңызды құттықтаймын! – деп бас директор ізгі тілегін жеткізді.

Сыр өңірі индустриялық-инновациялық бағыты дамыған, экономикалық өсімі артқан бірден-бір аймақ. Оның айқын дәлелі ретінде Жаңақорған ауданында орналасқан өндіріс ошақтарын айтуға әбден болады. Мәселен, жаңа технологиямен жұмыс жасайтын «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқылы зауытының бүгінде жылдық қуаты 500 мың тонна болса, күніне 1500 тонна шикізат өндіреді. 

Жалпы, Кейден ауылының маңында орналасқан өндіріс орны «Қазатомпром» АҚ-ға қарасты уран өндіретін кәсіпорындарды күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді. Қалдықсыз өнім шығаруды мақсат еткен зауытта шикізаттың өнімге айналу мөлшері 99,9 процент. Экономикаға ауқымды үлес қосқан зауытта бір қуантарлығы қызметкерлердің басым көбі жергілікті жердің қызметкерлері. Яғни, зауытта, 271 қызметкер болса, соның 171-і аудан халқы. Оның ішінде Кейден ауылдық округінің тұрғындары да аз емес.

Зауытқа шикізат вагонмен тасымалданады. Атырау облысынан күніне 10 вагон күкірт келетін болса, осы жобада күкірт қышқылы вагон арқылы Шиелі өңіріне жөнелтіледі. Осы вагондардың қауіпсіздігі, яғни рельстің істен шықпауын қадағалау Болат Бейсенбекұлының құзырында.

– Алғаш еңбек жолымды теміржол саласынан бастадым. 10 жылға жуық уақыт темір жол торабында тәжірибе жинақтап, 2013 жылы «СКЗ-U» зауытына қызметке орналастым. Бүгінде қолымнан келгенше жас мамандарға жол көрсетіп, өмірлік тәжірибеммен бөлісіп отырамын, – деді теміржол жөндеуші.
Қазір Болат Әлиханов жұмыс жасайтын бөлімде 20-ға жуық қызметкер бар. Жүк түсіруші, оны тиеуші және бүгінгі біздің кейіпкер.

Тақырыпқа тұздық болсын. «СКЗ-U» ЖШС-да күкірт қышқылымен қатар электр энергиясы да өндіріледі. 2013 жылы зауытта алғашқы өнім шыға бастағаннан-ақ, электр энергиясына сұраныс артқандықтан, өндіріс орны 420 кВт-тық өзінің күн электр станциясын іске қосты. Бүгінде аталған электр энергиясы серіктестіктің жұмысшылар тұратын қалашығын толықтай жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Отандық өндірісте елеулі орны бар зауыт жұмыстың табиғатқа залал келтірмеуін басты мақсат еткен.

«СКЗ-U» ЖШС еліміздің экономикасына үлес қосумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып келеді. Қайырымдылық, демеушілік шараларынан қалыс қалған кезі жоқ. Серіктестік бұл бағыттағы шараларға 32 млн. теңгеден астам қаржы бөлген.

Сондай-ақ, Кейден ауылында скважина қазып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдың аяқ су мәселесін шешуге де үлес қосты. Жұмысшыларының өміріне жауапкершілікпен қарайтын серіктестік басшылығы қыз-меткерлердің әлеуметтік жағдайына мән береді. Әлеуметтік пакетке толықтай медициналық сақтандыру енген. Мұнымен қоса, зауытта күн сайын қызметкерлердің денсаулығын қадағалайтын тұрақты медициналық пункт жұмыс жасайды.

Серіктестік болашақ мамандарды дайындауда да белсенділік танытуда. Бүгінгі күні кәсіпорын есебінен бірнеше студент жоғары оқу орнында, одан кейін колледждер де өндіріске қажетті мамандықтарды игеруде. Одан бөлек, жас мамандардың қызметке орналасуына, келешегіне шырақ жағуына үлес қосып келеді.

Міне, теміржолшы Болат осындай мекемеде еңбек етіп келеді. Отбасында үш ұл-қызды тәрбиелеп отырған оның ізін үлкен ұлы жалғастыруды мақсат тұтыпты. Қазір Қызылордада теміржол саласында оқып жатқан ол келешекте осы зауытқа қызметке орналассам деген тілегі барын жеткізді. Ал, мекеме кемел келешегі үшін жас мамандарды білікті кадр етіп шығаруға дайынбыз дейді.

Иә, мемлекеттің табысты болуы¬ның тетігінде өндіріс пен өнеркәсіп, қайта өңдеу сынды салалар тұ¬рады. Бұл экономикаға ғана емес, әлеуметке де демеу бола алады. Мұны “Қазатомпром” ҰАК АҚ-ның өндірісінен, оның ішінде «СКЗ-U» күкірт-қыш¬қыл зауытының тыныс-тіршілігінен де байқауға болады.
 

Тағы да оқыңыз: