Kyzylorda-news.kz  Мемлекет қазынасы салық түсімдерімен толығады. Ал салық механизмін дұрыс жоспарлай алмаудың салдары бюджетке салмақ салатыны бесенеден белгілі. Бір қынжыларлығы, салықтағы жүйесіздік қаражат қоржынын толтыруға өздері егелік етуге тиіс кент және ауылдық округтерде айрықша көрініс беріп отыр. Сейсенбі күні аудан әкімдігінде өткен жиында осы тақырып түбегейлі талқыланды.

Осы жылдың 3 айында кейбір салық түрлері бойынша кент және ауылдық округтер дұрыс жоспарлай алмаған, әрі төлем жинауда да қателікке бой алдырыпты. Нәтижесінде 4-інші деңгейлі бюджетке тиесілі салық түсімдердің 30 млн-нан аса қаржысы аудандық бюджетке қате аударылған. Ол қаржыны аудандық бюджет игілігіне идіре алмайды, демек қаржы ауада тұр деген сөз. Былтыр да осындай жағдай қайталанып, 80 млн-дай ақша қате кеткен. Бұл туралы жауапты мамандар жеткізді.

– Бір қуантарлығы, былтырғы жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда мемлекеттік бюджет жоспарының өсу қарқыны өте жақсы. 2023 жылы жергілікті бюджетке 4 364 623 мың теңге түсім түссе, биылғы меже 5 076 578 мың теңгені құрап отыр. Өсу қарқыны 116 пайызға жетеді деп күтілуде. Басқарма тарапынан жыл соңына дейін қосымша көздерді іздестіру арқылы аудандық бюджетке әлеуметтік салықтан, заңды тұлғалардың мүлік және көлік салығынан қаржы түсіруге болады деп отырмыз, – деді аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас¬шысы Қалдыбек Мұсаев.

Салық мәселесі қазір күн тәртібінде тұр. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында жергілікті бюджеттің салық базасын ұлғайту бағытында тапсырма берілген болатын. Берілген тапсырмаға сәйкес алдымен жұмысшы топ құрылып, төленетін салықтар мен төлемдер бойынша резервтерді анықтау және ұлғайту бойынша атқарылатын іс-шара жоспары бекітілді. Аудан әкімінің орынбасары Бекболат Шәріпбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте салық төлеуде қолдан жіберілген кемшіліктер мен олқылықтар жүйеленді. Мемлекеттік кірістер басқармасы және аудандық экономика және қаржы бөлімі басшылығының ескертпелері қаперге алынды.

Мәжілісте ауыл әкімдерінің жұмысы нысанаға алынды, екіншіден, көлік салығы сөз болды, үшінші, көлеңкелі экономикада жүрген және мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдаланып, 0-дік көрсеткіш көрсеткендер де қаралды. Алдымен іс-шара жоспары мен мазмұны талқыланды.

– Бірінші кезекте әкімдер өздерінің аймағында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс жасап жүрген тұлғалардың тізімін түгендеп, кірістер басқармасына жолдау керек. Сондай-ақ кәсіп иелерімен әңгіме жүргізу, яғни қосымша қаражат түсіру маңызды. Тіркелмеген кәсіпкерлерді тіркеу, жаңа баспанасы болып, ескі үйдің құжатымен жүргендермен жұмыс жасау, кәсіпкерлік бағытта болмаса да жұмыс жасап тұрған нысандарды қайта рәсімдеу, кәсіпкер¬лік есебін «0» көрсеткішпен тапсырыл¬ған салық төлеушілермен әңгімелесу, ауданға жұмысшы болып келген шет ел азаматтарының тізімін жасақтау. Сонымен бірге жарнама объектілері бойынша әрекет ету, ғимарттарды жалға берушілерді анықтау, грант алған тұлғалардың тізімін қайта түгендеп, заң аясында жұмыс жасату және ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстарды жүйелеу бойынша әрекет¬ке көшуіміз керек, – деді мәжіліс төрағасы.

Енді көлік салығына тоқтала кетейік. Бұл жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Ахметқали Қасқабаев мәлімдеді.

«Аудан бойынша көлік құралдарынан 207 жеке тұлғадан 9 млн-ға жуық берешек құраған. Оның ішінде ең көп қарыз аудан орталығында, жүргізушілердің берешегі 6 млн-нан асып жығылады. Округтер бойынша Төменарық, Өзгент және Келінтөбе көш бастап тұр. Сала мамандары Екпінді мен Сүттіқұдық ауылындағы жұмыстың жүйелі екенін жеткізді. Былтыр жеке тұлғалардан есепке 172 млн 833 мың теңге салық белгіленген. Жалпы осы іс-шаралар жоспарының тапсырмаларына жауап¬ты мемлекеттік мекемелер жауап¬сыз¬дық танытып, мемлекеттік кірістер басқармасы мен жұмысшы топ ор¬ганына белгіленген мерзімде мәлімет ұсынбай отыр» деді.

Қосымша айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын басқасын айтпағанда көлік салығын арнайы зерделеп көргенбіз. Сонда 1 миллионға жуық берешегі бар тұлғалардың тізімінде бай-бағландар көш бастап тұрған болатын. Бұл жолы да осындай жағдайға куә болдық. Келесі кезекте жеңілдетілген несие бойынша жастардың жауапсыздығы сөз болды. Былтыр бағдарлама шеңберінде несие алып, кәсіпкерлік есебін мүлде тапсырмаған 6 тұлға, 0-дік көрсеткішпен тапсырған 23 жас анықталған. Демек 29 жас кәсіпкер мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдаланды деген сөз. Ал, грант алғандар ішінде 14 адам кәсіпкерлік есебін (СЕН) тапсырмаса, 58 тұлға 0-дік көрсеткішпен түйіндеген. Бұл да ұятты жағдай.

Жалпы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері бойынша 745 заңды тұлға, жеке кәсіпкер және 1021 шаруа қожалық тіркеуде тұр. Басқарма басшысы баяндамасында қосымша салық көздерінен түскен салық түсімдеріне тоқталды. Оның ішінде камералық бақылау, әңгімелесу арқылы облыстық бюджеттен қоршаған ортаны ластағаны үшін, бюджет алдында қарызы қалыптасқандардан аудан қазынасына әжептеуір қаржы түсіпті. Тағы бір мәселе – ол көлеңкелі экономиканың жолын кесу бойынша айыппұлдар салынып, түсіндірме жұ-мыстары жүргізілуде екен. Берілген хабарламаны, ескертпелерді мерзімінде орындамағандардың банкі¬лік есеп шоттары бұғатталып, тиісті жазасын алады. Жиын соңында декларациялауға немқұрайлық жағдайлары сынға алынды.

– Қазір декларациялаудың 3-інші кезеңі басталды. Заңды тұлағалардың басшылары мен құрылтайшылары және жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тездетіп декларация тапсыруы тиіс. Талдау барысында 250.00 нысанды салық есептілігін тапсырмаған 4156 тұлға және 270.00 нысанды салық есептілігін тапсырмаған 8745 тұлға анықталып отыр. Сондықтан декларацияны тапсыруды тездету керек. Бұған әкімдер ертерек қамдануы тиіс. Өйткені кейбір ауылдарда көрсеткіш тым төмен, – деді Қ.Мұсаев.

 

Фото: Жаңақорған тынысы

Тағы да оқыңыз: