Kyzylorda-news.kz  ҚР Әділет министрлігі жанындағы «Ұлттық зияткерлік меншік институты» мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында жасалған келісім негізінде, Қызылорда облысында алғашқы «Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығының» ресми ашылу салтанаты болып өтті. 

Оған ҚР Әділет министрлігі жанындағы «Ұлттық зияткерлік меншік институтының» өкілдері, Әділет департаментінің, Кәсіпкерлер палатасының, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. 

Шараның екінші кезеңінде өнертапқыштардың, технологиялық кәсіпорындардың қатысуымен «Технологиялар мен инновацияларды дамыту мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өтті. Шара барысында Әділет департаментінің басшысы И.Бакишева, Кәсіпкерлер палатасының директоры П.Сыздық, ҰЗМИ директорының орынбасары А.Артықова және ҰЗМИ өкілдері А.Батырбекова, Н.Бақтыбаева, А.Ілиясова баяндама жасап, тақырып аясында талқылаулар мен ұсыныстар айтылды.

Іс-шараның үшінші кезеңі семинар тренинг нысанында өткізілді. Онда ҰЗМИ өкілдері Н.Бақтыбаева, А.Ілиясовалар пайдалы модельге және өнертабысқа патент алу, патенттік деректер базасында іздеу жүргізу, географиялық нұсқаманы тіркеу үшін өтінім беру рәсімдерін тәжірибе ретінде көрсетіп, іс жүзінде пікір-алмасулар болып өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан ашылған «Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы» алдағы уақытта жаңа идеялар мен технологиялардың, тәсілдердің жарыққа шығатын орнына айналмақ.
 

Тағы да оқыңыз: